Бір жас бар, тумай жатып шал сияқты,
Санда бар, санатта жоқ жан сияқты.
Өзінің пікірі жоқ, отардағы,
Айдағанға көнетін мал сияқты.
Бір жас бар жатырынан жанып туған,
Ұлылармен үзеңгі қағыстырған.
Мен жастарға, айтайын бір насихат,
Жақсыменен жаманды салыстырған.
Бір жас бар, шайтанменен шалыс туған,
Арақ ішіп азғындар, салып думан,
Ақымақ қып өсірген ата-ананың,
Дос-дұшпаны бетіне салық қылған
Бір жас бар, от секілді жанып тұрған,
Әр сөзінде өзі емес, халық тұрған,
Біліммен дүниені жарық қылған,
Сол болады, қорғаның, алып тұлғаң.
Бір жас бар, шала орыс, шала қазақ,
Тілі де киіміндей алабажақ,
Қайбірі қазақтығын намыс көріп,
Отанын сата салар садағалап.
Бір жас бар бірнеше тіл білетұғын,
Аялап, ана тілін сүйетұғын,
Отаны үшін отқа да күйетұғын,
Азаттықтың қадірін білетұғын.
Бір жас бар жағымпаздық қанында бар,
Ісі түссе, жалбақтап жаныңды алар.
Шалыс бассаң шалқаңнан шалып жығып,
Бағыңды алар, астыңнан тағыңды алар.
Бір жас бар, өне бойы намыс тұнған,
Парақор, жемқорлықтан алыс тұрған.
Зымиян жағымпаздар шағыстырған,
Ағайынды қайтадан табыстырған.
Бір жас бар, бақ пен тақты аңсап туар,
Біліксіз, басы кеппей мансап қуар,
Қожасы айтса қопарып тау мен тасты,
Ұлт ісіне келгенде шаршап тұрар.
Бір жас бар, елдің туын желбіреткен,
Жүрегін «Қазағым!» деп елжіреткен.
Баласы әр қазақтың сондай болсын,
Айналдым, халқым деген сол жүректен!
Білім, ғылым, өнерден кенде болмай,
Балаңыз тұлға болсын, пенде болмай.
Рухы бар қазақтың қалықтасын,
Қырандай Туыңдағы, жерге қонбай!
Әділбек Қаба