Күн артынан күн өтіп,
Қуантып, кейде жүдетіп,
Өте де шықты-ау бұл жалған,
Атқан оқтай зу етіп.
Алаш жолын ту етіп,
Дұшпанменен тіресіп,
Желтоқсанда тоңдық біз,
Азаттық үшін күресіп.
Ел дәстүрін түлетіп,
Тарихын қайта түзетіп,
Талай тоңды жібіттік,
Қатып қалған сіресіп.
Ашылып алдан мың есік,
Дамыған елге ілесіп,
Өркендеп-ақ кетер ек,
Жолын кесті жемқорлық,
Жігерін елдің құм етіп.
Адам да бүгін өзгерді,
Алданбас аяр сөзге енді.
Құлқынына жемқордың,
Құм құятын кез келді.
Жемқормен күрес бізге сын,
Әр адам жолын іздесін!
Тәуелсіздіктің түбіне,
Жемқорлар жетіп жүрмесін.
Әділбек ҚАБА