Бүгін Ұлт ұстазы, қазақ әліпбиінің негізін салушы, ағартушы, реформатор Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осы күнді еліміз Тіл мерекесі ретінде атап өту дәстүрге айналған.
Бұрын елімізде бұл күн қыркүйектің әр үшінші жексенбісінде атап өтілген болатын.
2017 жылдан бастап Қазақстан халықтарының тілдері күнін қазақ әдебиеттанушысы және ағартушысы Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай 5 қыркүйекте атап өту туралы шешім қабылданды.
Міне, бүгін осы тілім деген әр азаматтың мерекесі!
Еліміздің аймақтарындағы тіл басқармаларында, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы ғылыми практикалық орталығында, басқа да Тілге қатысты сан салада ғалымдарымыз бен тілші мамандар қызмет етіп жатыр. Ал тіл үшін шырылдап отқа- суға түсіп жүрген патриоттар қаншама.
Осы мерекеге орай, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан мемлекеттік қызметшілер мен бірқатар тіл саласындағы азаматтарды марапаттады.
Жиынды жүргізген Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов Қазақстан халқы тілдері күніне арналған салтанатты онлайн-жиынға қатысқан тіл жанашырларын мерекемен құттықтап, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың мемлекеттік қызметшілер мен елімізде тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан және қоғамдық қызметте еңбектері бар азаматтарға арналған құрмет грамоталарын табыс етті.
Министрдің және Тіл саясаты комитеті төрағасының құрмет грамоталарына облыстық, қалалық ведомстволардың тіл саясатын жүзеге асыруға жауапты қызметкерлері, әдіскерлер мен оқытушылар, қоғам қайраткерлері, белсенділер және тағы да басқа тіл саласы мамандары ие болды. Жалпы 140 адам марапатталды.
"Тіл- мемлекеттігіміздің нышыны. Тіліміз барда Қазақ Елі ұлт ретінде тарих сахнасында мәңгі өмір сүретін болады. Мемлекет басшысының қазақ тілін елімізде ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру туралы пікірі ел ішінде жылы қолдау тапты. Мемлекттік Тіл - елімізді біртұтас ұлт ете алатын ұлы күш",- деді Тіл саясаты комитетінің төраға орынбасары Әділбек Қаба.