Толерантты деген бір әдемі сөз бар. Әсіресе саясатшылар жақсы көреді. Ұғыпеді (Укипедия) көкеңнен сұрасаң "Толеранттылық (лат. tolerantia — төзімділік, көнбістік) — басқа ойға, көзқарасқа, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сезім-күйге, идеяларға төзімділік, жұмсақтық көрсете білу қасиеті" деп түсіндіреді. Біз мемлекеттік тілді менсінбеушілерге төзімді бола- бола етіміз өліп, енді көнбіс болып бара жатыр екенбіз. Ал көнбіс халықта ұлттық намыс болмайды. Қалай жұлмаласаң да көне береді. Бұл көше, маңдайша, жарнама, жапсырма толған қате болса да, қазақшасы жоқ бір тілде тұрса да, өзге тілде қызмет етсе де көнбістік танытып жүре беретін Сізге де тікелей байланысты. Енді бұдан да бейшара күйге күйге түспес үшін тіл жанашырлары "Тіл қорғаны" онлайн еріктілер тобын құрғанын, оған еліміздегі қазақша таза сөйлейтін көптеген ұлт өкілдері мүше болғанын білесіздер.
Енді міне, тағы бір жағымды жаңалық, "Тіл қорғаны" телебағдарламасы жұмыс істей бастады. Алматы теле арнасының бас директоры Мұхамеджанова Нұржан Жалауқызы Тіл комитетінің аймақтық тіл басқармаларымен болған онлайн жиынында тілге тірек болатын бағдарламаның мақсаты мен мәнін түсіндіріп, "Тіл қорғандары" телебағдарламасының тұсауы кесілді.
Сөйтіп, кеше, жұма күні алғашқы хабары жарыққа шықты(төменде). Әр жұмада көріңіздер. Атсалысыңыздар. Сең бұзылды. Енді барлық аймақтарда осындай рейдтер ұйымдастырылып, тілге қатысты заң бұзушылықтар мен қате жарнамалар тексеріліп, көрсетілетін болады. Тексерушілер арасында "Тіл қорғандары" құрамындағы қазақша таза сөйлейтін орыстар мен басқа ұлт өкілдері болады. Сондықтан қазақша мақұрым қазақтардан орыстар: "Неге қазақ тілін білмейсің, құрметтемейсің, неге Тіл туралы заңды орындамайсың?"деп жауап алып жатса таңқалмаңыз.
Ең үлкен кесел - көнбістік, немқұрайдылық. Егер ұлт болып қалуымыз, оның өз тілі сақталуы маңызды деп санасаңыз алдымен өзіңіз қазақша сөйлеңіз. Қазақша қызмет көрсетіңіз. Балаларыңызды қазақша сөйлетіңіз. Қазақ тілінің беделі Сіздің үйден басталады.