ТАҢДАУ ...
ТАҢДАУ ...
Танысуға ой кеткен,
бір жігітпен бойжеткен,
Таңдап жатты дүкенде,
Ең әдемі көйлектен...
Шаш төбеге түйілген,
Қас садақтай иілген,
Ендігі ойы жігітті,
Таңқалдырмақ киіммен.
Өзгердік пе сірә біз,
Мақтан іздеп тұрамыз,
Қарап тұрып бұл қызға,
Еске түсті бір аңыз.
Бір патша ғаламға,
Билік еткен заманда,
Қызын бермек болыпты,
Бақуатты адамға.
Күйеулер бірден табылды,
Алтын-күміс тағынды,
Үлде мен бүлде оранып,
Сарайға қарай ағылды.
Бойдақтың жасы, сүрі де,
Келістісі түрі де,
Келгенімен әлгі қыз,
Қарамады біріне.
Ағылды жас та, кәрі де,
Үмітті қыздан бәрі де,
Жолда бір қыз отырған,
Гүл ұсынып бәріне.
Қарамады ешбірі,
Қайыршы қыздың халіне.
«Жетіліп едім жетімнен,
күнелтіп өз бетіммен,
киер киім, асым жоқ,
гүл ала кет» - деп өтінген.
Көздегендер кіл тақты,
(кедейсініп, мін тақты,)
Тек бір жігіт тіл қатты,
Гүл сатып алып, сұлудың,
Маңдайынан сипапты.
Үзілердей өзегі,
Мейірін қыз сезеді.
Гүл сатушы әлгі ару,
Патшаның қызы өзі еді
«Шоқпыт киім ішінен,
Адамды көрген кісіден,
Мейірімді патша шығар»- деп,
Қыз жігітті таңдапты,
Ғибрат көріп ісінен.
***
Сырты ұнау үшін де,
Көңіл бөліп мүсінге,
Дүкендегі бойжеткен,
Сонша әуреге түсуде.
Не жатқанын кім білген,
Қуыс кеуде ішінде...
Әділбек Қаба
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:
Пікірлер (0)