КІРЛЕТІП АЛМА АРЫҢДЫ...
Көреді Тәңірі жылағаныңды,
Береді қалап, сұрағаныңды,
Құдайыңды ұмытып, құнығып кетпей,
Таза ұстағайсың, бірақ арыңды.
Ішерсің, киіп ұнағаныңды,
Тойғызарсың-ау, мына қарынды.
«Ұмытып кетпе!», - дейді екен Алла, -
«Дүние беріп сынағанымды».
Тұрғызар демеп, құлағаныңды,
Көбейтер адал құрағаныңды.
Қолың кір болса, жусаң кетеді,
Жусаңда кетпейді, бірақ арыңды.
Отқа күйдіріп, талай залымды
Тозақта өртеп, сұрақ алынды,
Қанды қол қолын күнде жуар-ау,
Қан жұққан қайтпексің... бірақ арыңды.
Шешімін таппай арыз – шағымы,
Талай байғұстың тауы шағылды,
Парақор, жуарсың арам қолыңды,
Қалай жумақсың, бірақ арыңды.
Мансап көретін арқадан қағуды,
Кісі артын жалап, қайтсе де жағуды,
Жағымпаз, ауызын күнде жуар -ау,
Қалай жуасың бірақ арыңды.
Дүмбілез ұрпақ туа қағынды,
Ар көрмей әркімнен туа салуды.
Қырық күн бойы жуынсаңдағы,
Тазарта алмассың бірақ арыңды.
Ей, Алла берші, сұрағанымды,
Іс қыл деп елге, сірә жағымды.
Білемін, қатал сыналарымды,
Кірлете көрмеші, бірақ арымды.
Әділбек Қаба
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:
Пікірлер (1)