Мен білетін біреу бар...
Мен білетін біреу бар...
жиып қойған ұятты,
Өтірік күліп жылмиған,
жер тауысқан сұм әккі,
Өсекке түріп құлақты,
Талайды шалып құлатты.
Жер сызады қарыны
буаз есек сияқты.
Мен білетін біреу бар...
Басшының артын жалаған.
Санайтын өзін дарадан,
Қимылдатпай саусағын,
Жұрт еңбегін қанаған.
Мақұрым ақыл санадан,
Ақымақ силы заманда,
" Зиялы" боп тұр сол адам.
Мен білетін біреу бар...
Тонаған жұрттың асылын,
Жанына жиып жақынын,
Кеңес құрып жасырын,
Аямай арам ақылын.
Ұлын әкім етпекші,
Өз тілінен мақұрым.
Мен білетін біреу бар,
Ырысын жұрттың ұрлаған.
Жемқорлықпен күресті,
Домбырасыз "жырлаған".
Заңыңа да қыңбаған,
Өзінен кейін бәрібір,
Күл болса да бұл ғалам.
Ей, біреулер, біреулер,
Сені де елге тіреу дер...
Жарасы жұрттың білеулер,
Жасалар талай түзеулер.
Ақысын сұрар бір күні,
Тұрмысы бүгін жүдеулер...
Қыл шылбыр түспей мойныңа,
Қателіктеріңді түзеңер!
Ар, ұяттан адалар!
Асқанға - тосқан, жаза бар,
Жағымпаз бен жемқордан,
Елімді Тәңірі тазалар!
Өлместей байлық жисаң да
Өзекті жанға қаза бар!
Құдайдың тартқан жебесі,
Қақ жүректеріңе қадалар.
Әділбек Қаба
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:
Пікірлер (0)